Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ президенті Дональд Трампқа дүйсенбіде жариялаған шешімі үшін алғыс айтты. 28 шілде күні Трамп Шотландияда журналистермен сөйлесіп, Путинге Украинамен бітімге келу үшін берілген 50 күндік мерзімді 10-12 күнге дейін қысқартатынын айтқан.
"АҚШ президентінің айқын ұстанымы мен нақты шешімі дәл қазір өте маңызды, себебі қазір шынайы бейбітшілікке күш арқылы ғана қол жеткізуге болады. Президент Трампқа адамдарды аман алып қалуға және бұл сұм соғысты тоқтатуға деген талпынысы үшін алғысымды білдіремін. Шынымен де, бейбітшілікке тек табандылық пен қатал қадамдар арқылы жетуге болады. Біз мұны бірнеше рет айттық. Санкциялар негізгі тетік екенін барлық серіктестеріміз біледі. Ресей санкцияларды, экономикалық шығындарды есепке алады. Бейбітшілікті күшпен орнатуға болады" деп жазды Зеленский әлеуметтік желіде.
14 шілде күні Трамп Путинге Украина бітім жасасу үшін 50 күн беретінін, әйтпесе Ресейге және оның энергетикалық ресурстарын сатып отырған елдерге қойылған баж салығын күшейтетінін айтқан. Дүйсенбідегі сөзінде ол "Путиннен көңілі қалғанын", бұдан әрі күтудің "мәні жоқ" екенін мәлімдеді.
Трамптың сөзінен кейін Ресей қор нарығында құлдырау байқалды. Путин осы екі апта ішінде АҚШ басшысының сөзі жайлы еш пікір білдірмеді.