БҰҰ: 2025 жылы Иран өлім жазасына кесілген 612 адамның үкімін орындаған

БҰҰ адам құқығы жөніндегі жоғары комиссары Фолькер Тюрк

2025 жылдың алғашқы жартысында Иранда өлім жазасына кесілген кемі 612 адамның үкімі орындалған. Олардың арасында өзге ұлт өкілдерінің үлесі басым. Бұл туралы хабарлаған БҰҰ адам құқығы жөніндегі жоғары комиссары Фолькер Тюрк осы жағдайға алаңдаушылық білдіріп, Иранды өлім жазасы үкімін орындауға мораторий жариялауға шақырды.

БҰҰ дерегінше, 2024 жылдың алғашқы жартысында өлім жазасына кесілген 297 адамның үкімі орындалған.

"Дәл қазір кемі 48 адам өлім жазасының орындалғанын күтіп отыр, оның ішінде 12 адамның үкімі жақын арада іске асуы мүмкін" деді Тюрк.

БҰҰ дерегінше, өлім жазасы қолданылған адамдардың 40 пайыздан астамына нашақорлық жөнінде айып тағылған. Қалғандарының арасында "Құдайға қарсы келу" айыбы жиі кездеседі. Билік мұндай айыпты әдетте саяси қарсыластарына, өзгеше ойлайтын адамдарға қарсы қолданады.

Фолькер Тюрктің айтуынша, өлім жазасы қаралатын сот процестері көбіне жабық өтіп, адамдардың әділ сотқа деген құқығын бұзып отыр.

БҰҰ мәлімдемесіне қарағанда, Иранның конституция сақшылары кеңесі "қас мемлекетке қызмет ету" анықтамасын ұлғайтатын заң жобасын қарастырып жатыр. Енді заң аясында "тыңшылық жасады", "шетелдік БАҚ-пен сөйлесті", "идеологиямен келіспеді" деген айыптар бойынша да өлім жазасы кесіле бермек. Фолькер Тюрк бұл заң жобасын "қауіпті" деп атап, оны қабылдамауға үндеді.

"Өлім жазасы өмір сүру құқығына қайшы келіп, адамның қадір-қасиетімен үйлеспейді. Иран билігін өлім жазасын алып тастау жөніндегі жаһандық қозғалысқа қосылуға және мұны мораторий жариялаудан бастауға шақырамын" деді Тюрк.

Иран әлемнің ең жабық елдерінің бірі саналады. Human Rights Watch, Amnesty International, Freedom House секілді халықаралық ұйымдар Иранда адам құқығы, соның ішінде әсіресе әйел құқығы, баспасөз еркіндігі қатты шектелгенін айтады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Әйел, өмір, азаттық!" Ирандағы наразылық фольклорының бір қыры

2022 жылы Иранда Махса Әмини деген студент қыз хиджаб кию талабын орындамады деген айыппен ұсталып, полиция бөлімінде қаза тапқан соң, елде үлкен наразылық толқыны туған. Билік ол наразылықты күшпен жаншыды. Наразылыққа қатысқан мыңдаған адам қамалды.