Павлодарда әйел адам көп қабатты үйден екі баласын лақтырып, ізінше өзі де секірген.
Tengrinews-дің жазуынша, оқиға жөнінде хабар облыстық жедел медицина қызметіне 30 шілдеде сағат 13.00 шамасында түскен.
“Тұрғындардың бірі Нұрмағамбетов көшесіндегі үйлердің бірінде бір әйел үйдің бесінші қабатынан екі баласын лақтырып, артынша өзі де секіргенін хабарлады. Оқиға орнына жедел жәрдем қызметінің үш тобы жіберілді” деді жедел медицина қызметі станциясының баспасөз қызметі.
Дәрігерлер оқиға орнына 6 минутта жеткен.
“Екі бала ауыр жағдайда облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Әйел ауыр жағдайда Павлодардағы № 1 қалалық ауруханаға жеткізілді” деді станцияның баспасөз қызметі.
Павлодар облыстық бала құқығы жөніндегі аймақтық уәкіл Сәуле Шәкенованың сөзінше, зардап шеккен балалардың бірінің жасы – 1,5 жаста, екіншісі 5 жаста. Оқиға кезінде пәтерде әйел мен балаларынан басқа ешкім болмаған.
"За нами выехали" арнасы зардап шеккендер подъездің төбесіне құлағанын жазды. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалған. Әйел адам бұған дейін медициналық мекемеде тіркеуде болған. Оқиғаның жай-жапсары тергеу барысында анықталатыны хабарланды.