Қолданушылар Жыланбаевтың видеосын жариялауды, тәуелсіз құқық қорғаушыларды кіргізуді талап етті

Марафоншы Марат Жыланбаев Степногорск түрмесінде. 29 шілде, 2025 жыл.

Марат Жыланбаевтың фотоларын бір күн бұрын жариялаған Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі уәкілінің жанындағы үйлестіру кеңесінің хатшысы Раиса Шердің жазбасы қызу талқыланып жатыр.

Кейбір қолданушылар қырынан және арқасынан түсірілген суреттерден адамның жағдайын бағалау мүмкін емес екенін айтып, Жыланбаевтың видеосын жариялауды және оған тәуелсіз құқық қорғаушыларды кіргізуді талап етті.

"Біріншіден, оның [Жыланбаевтың] сөзін растайтын видео жоқ. Екіншіден, неге Мараттың жағдайы туралы айтқан құқық қорғаушылар жоқ? Үшіншіден, арқасы және қырынан түсірілген суреттерден адамның жағдайын бағалау қиын. Сондықтан жазбалардағы тұжырымдар күмән туғызады" деп жазды саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева Шердің жазбасының астына.

Тәуелсіз журналист Динара Егеубаева Шердің жазбасына қалдырған үш пікірі де тұтас өшірілгенін айтып, скриншоттарды да жариялады.

"Сұрақтардың бірінде мен оны тікелей эфирдегі сұхбатқа шақырдым. Жауап ретінде ол мені банға жіберді. Тоқаевтың 20 мың террорист туралы жазбасын өшіріп тастағаны есімде, ұмытылады деген үмітпен. Сұхбатқа шақырғанымда да үнсіз қалды. Олардың барлығы қандай қорқақ еді" деп жазды Динара Егеубаева.

"Мараттың жағдайы адам шошырлық. Тіпті арқа жағынан да оның үстінде киімі қалай ілініп тұрғанын көруге болады. Салмағы 50 келіге жетеді деп айта алмаймын. Адамды мазақтауды доғарыңдар" деп жазды Вадим Акинфеев есімді қолданушы Шердің жазбасының астына.

"Біріншіден, Адам құқықтары жөніндегі уәкілінің жанындағы үйлестіру кеңесі хатшысының өкілеті мен құзыреті қандай? Екіншіден, Ластаев жанындағы бұл үйлестіру кеңесі штаттық кестеде қарастырылған ба, әлде бұрынғы немесе қазіргі аппаратшылардан құралған қарапайым қоғамдық комитет пе? Үшіншіден және ең маңыздысы: Марат Жыланбаевтың суреті мен видеосы қайда? Осы кездесуден кейінгі оның қолтаңбасы бар өтініш жоқ? Неге кездесуге оның жеке адвокаты қатыспаған?... Осы пікірді орналастыруға 4 сағаттан астам уақыт кетті. Ол жоғалып кетті. Неге сұрақтарды өшіріп, жауап жазбадыңыздар?" деп жазды адвокат Василий Садықов.

Шердің жазбасының астында оны мақтаған, "жалған ақпаратқа жылдам реакция танытып, ашықтығы үшін" алғыс айтқан жазбалар да көп. Олар бір-біріне ұқсас.

"Енді қоғам адам құқығын бұзу фактісі болмағанын білді. Ал таратылған ақпарат жалған болып шықты" деп жазды Қанат Қарымсақов есімді қолданушы.

"Жазба өзінің ашықтығымен және ерекшелігімен жағымды әсер қалдырады. Үйлестіру кеңесінің шұғыл әрекеті және әртүрлі бөлім өкілдерінің қатысуы сотталғандардың құқықтарын қорғау мәселесіндегі үйлесімділікті көрсетеді. Жыланбаев М.Т.-ның жағдайы мүшкіл деген ақпарат расталмағаны маңызды және ол өзін жақсы сезінетінін жеке өзі хабарлады" деп жазды Руслан Жүнісов есімді қолданушы.

Кейбір қолданушылар "боттар" қаптап кеткеніне шағымданды.

"Экстремизмді қаржыландырды" деген айыппен ұзақ жылға сотталған марафоншы Марат Жыланбаевтың жағдайы нашарлағанын журналистер мен құқық қорғаушылар өткен аптада айта бастаған.

25 шілдеде көкшетаулық белсенділер Назгүл Жүсіпова мен Дәметкен Бейсембаева оны камерадан түсірілген видеодан көріп, танымай қалғанын, оның құр сүлдері қалғанын айтып, шошығанын жеткізген.

"Қызметкер өзінің телефонына тікелей эфирден видео түсіріп әкелді. Жыланбаевтың арқасынан түсірілген видео екен. Ол камераға арқасынан беріп, бірдеңе жазып отыр немесе жәй үстелде отыр. Біз оны мүлде танымай қалдық. Себебі ол бір уыс болып қалған " деді Назгүл Жүсіпова Азаттыққа 25 шілдеде.

Кейін оның салмағы 45 кг болып қалғанын, ол жатқан түрмеде санитария талаптары сақталмайтынын айтып, белсенділер мен құқық қорғаушылар дабыл қақты. Қазақстанның құқық қорғау органдары "дәйексіз ақпаратқа сенбеуге" шақырып, жалған ақпарат таратқандар жазаға тартылатынын ескертті.

29 шілдеде Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі уәкілінің жанындағы үйлестіру кеңесінің хатшысы Раиса Шер Ақмола облысы Степногорск қаласындағы №4 түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан марафоншы, оппозициялық белсенді Марат Жыланбаевтың фотоларын жариялап, 29 шілдеде Жыланбаевтың жағдайымен танысып, өзімен сөйлескенін айтқан. Шердің айтуынша, Марат Жыланбаев арықтап, 45 кг болып қалды деген әлеуметтік желідегі ақпаратқа "таң қалған" әрі мұндай "негізсіз ақпаратты кім, не үшін таратып жатқанын білмейтінін" жеткізген. Бірақ Жыланбаев сөзінің видеосы не аудиожазбасы келтірілмейді.

  • 61 жастағы Марат Жыланбаев – Гиннестің рекордтар кітабына енген жеті рекордтың иегері атанған ультрамарафоншы ретінде көпке танылған. Ол тіркелмеген оппозициялық "Алға, Қазақстан!" партиясын құру жөніндегі бастамашыл топ жетекшісі болған. 2023 жылдың көктемінде белсенді қамауға алынып, оның ісін жабық қараған Астана соты сол жылы қарашада Марат Жыланбаевты "экстремистік ұйым ісіне араласты" және "экстремизмді қаржыландырды" деген айып бойынша жеті жылға бостандығынан айырған.
  • Соттың ұйғармы бойынша Жыланбаев: "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы экстремистік ұйым деп танылғанын біле тұра Астана қаласы аумағында "ҚДТ" ұйымының қызметіне белсенді түрде араласып, Мұхтар Әблязов ұйымдастырған заңсыз митингілерге қатысқан. Сонымен қатар, Әблязов пен және оның шетелдегі штабымен байланыс орнатып, олардың Конституциялық құрылымды күштеп өзгертуді көздейтін тапсырмаларын орындаған. 2021 жылы Жыланбаев М.Т. қоғамға қауіпті салдарды түсіне отырып, Әблязовтың тапсырмасын орындап, Астана қаласындағы Республика даңғылында орналасқан ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішке келіп, "ҚДТ" ұйымының қызметін насихаттаған. 2022-2023 жылдары Жыланбаев М.Т. "ҚДТ" қызметінің экстремистік сипатын біле тұра, басқа адамдармен сөз байласып, оған ақпараттық, қаржылық және өзге де көмек көрсеткен. Әлеуметтік желіде ұйымды қаржыландыруға және оған қосылуға шақырған". Сот оны қоғамнан оқшаулап қана түзетуге болады деген ұйғарымға келген.
  • Жыланбаев пен оның жақтастары тағылған айыптарды саяси астары бар деп жоққа шығарды.
  • 2018 жылы Қазақстан соты ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент 2019 жылы наурызда қабылдаған қарарында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған.
  • Қазақстандық құқық қорғаушылар биліктің саясатын қатты сынайтын Марат Жыланбаевты "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан. Ресми Астана елде саяси тұтқын жоқ, ешкім саяси ой-пікіріне бола қудаланбайды дейді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Спортпен шұғылданады, кітап оқиды". Жыланбаевтың жаңа суреттері жарияландыМарат Жыланбаев жайлы қоғам өкілдерінің дабылы омбудсменге "хайп" болып көрінді"Саяси тұтқын" Жыланбаевтың жағдайы туралы жазбадан соң құқық қорғаушыны полицияға шақыртқан«Бәріне төземін». Жыланбаев түрмеден хат жазды"Құр сүлдері қалған". Жыланбаевты видеодан көрген белсенділер шошыды. ҚАЖК оның жағдайы "орташа" деп отыр "Марат Жыланбаев жолымен". 75 шақырым құмды жаяу кесіп өткен сапар Марат Жыланбаев туралы фильм Алматыда көрсетілмейтін болдыЖыланбаевтың әйелі белсендінің жеке заттары тәркіленгенін айтты. ҚАЖД жоққа шығардыМарат Жыланбаевтың адвокаты белсенді түрмеде аузын тіккенін хабарлады"Марафоншы". Марат Жыланбаев туралы деректі фильм