Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі уәкілінің жанындағы үйлестіру кеңесінің хатшысы Раиса Шер Ақмола облысы Степногорск қаласындағы №4 түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан марафоншы, оппозициялық белсенді Марат Жыланбаевтың фотоларын жариялады. Оның айтуынша, Ақмола облыстық денсаулық сақтау, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларының өкілдерімен бірге олар 29 шілдеде Жыланбаевтың жағдайымен танысып, өзімен сөйлескен.
Шердің айтуынша, Марат Жыланбаев арықтап, 45 кг болып қалды деген әлеуметтік желідегі ақпаратқа "таң қалған" әрі мұндай "негізсіз ақпаратты кім, не үшін таратып жатқанын білмейтінін" жеткізген. Бірақ Жыланбаев сөзінің видеосы не аудиожазбасы келтірілмейді.
Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің жанындағы үйлестіру кеңесінің хатшысы Раиса Шер (ортада) және басқа адамдар сотталушы Марат Жыланбаевпен (сол жақта) кездесіп тұр. Степногорск, 29 шілде, 2025 жыл. Фото Р.Шердің Facebook парақшасынан алынды.
"Өзінің айтуынша, оның халі жақсы, денсаулығына қатысты еш шағымы жоқ. Бұған қоса ол тұрақты түрде спортпен шұғылданады, соның ішінде өзі ұнататын спорт түрі – жүгірумен де айналысады, кітапханаға барып, кітап оқиды" деп жазды Шер Facebook-тегі парақшасында.
Дегенмен Жыланбаев аштық акциясын жалғастырып жатыр. Раиса Шердің айтуынша, ол "аштық мерзімін біртіндеп ұзартып, ағзасын шынықтырып жүр".
"Қазір ол ашығып жүр, брақ су, компот, шай, кофе ішеді, күтпеген жағдай болмас үшін өз ахуалын бақылап отырады. Сонымен бірге оның қамау, тамақтандыру бойынша не азаптау, физикалық күш қолдану, мекеме қызметкерлері не басқа да сотталушылар тарапынан моральдық қысым жасау жөнінде шағымы жоқ" делінген Раиса Шердің мәлімдемесінде.
28 шілдеде Жыланбаевтың адвокаты Денис Малюга Жыланбаевтың қолымен жазылды деген хатты Азаттыққа жіберген. Хатта: "Мен дәрігерлердің тексеруі мен бақылауынан, қан қысымымды, тамыр соғысын, салмағым мен дене қызуымды өлшетуден – бәрінен бас тарттым. Бұл менің қамауға алынуыма және 7 жылдық жаза кескен үкімге қарсы аштық акциям секілді наразылықтың түрі. Мен шыдамды адаммын, бәріне төземін!" – делінген.
Шердің айтуынша, денсаулық сақтау мамандары Марат Жыланбаевтың денсаулығы қанағаттанарлық деген пікір айтқан, бірақ сонда да Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасына оның денсаулық жағдайын "күнделікті қадағалап отыруға" кеңес берілген.
"Қабылдаудың соңында Жыланбаев Марат Төлегенұлы жағдайы жақсы екенін, медициналық көмекті қажет етппейтінін, өзі үшін уайымдап, негізсіз ақпаратқа сенбеуге шақырып, ұлы Рустам мен басқа да жақындарына сәлем жолдады" деп жазды Раиса Шер.
"Экстремизмді қаржыландырды" деген айыппен ұзақ жылға сотталған марафоншы Марат Жыланбаевтың жағдайы нашарлағанын журналистер мен құқық қорғаушылар өткен аптада айта бастаған.
25 шілдеде көкшетаулық белсенділер Назгүл Жүсіпова мен Дәметкен Бейсембаева оны камерадан түсірілген видеодан көріп, танымай қалғанын, оның құр сүлдері қалғанын айтып, шошығанын жеткізген.
"Қызметкер өзінің телефонына тікелей эфирден видео түсіріп әкелді. Жыланбаевтың арқасынан түсірілген видео екен. Ол камераға арқасынан беріп, бірдеңе жазып отыр немесе жәй үстелде отыр. Біз оны мүлде танымай қалдық. Себебі ол бір уыс болып қалған " деді Назгүл Жүсіпова Азаттыққа 25 шілдеде.
Кейін оның салмағы 45 кг болып қалғанын, ол жатқан түрмеде санитария талаптары сақталмайтынын айтып, белсенділер мен құқық қорғаушылар дабыл қақты. Қазақстанның құқық қорғау органдары "дәйексіз ақпаратқа сенбеуге" шақырып, жалған ақпарат таратқандар жазаға тартылатынын ескертті.
- 61 жастағы Марат Жыланбаев – Гиннестің рекордтар кітабына енген жеті рекордтың иегері атанған ультрамарафоншы ретінде көпке танылған. Ол тіркелмеген оппозициялық "Алға, Қазақстан!" партиясын құру жөніндегі бастамашыл топ жетекшісі болған. 2023 жылдың көктемінде белсенді қамауға алынып, оның ісін жабық қараған Астана соты сол жылы қарашада Марат Жыланбаевты "экстремистік ұйым ісіне араласты" және "экстремизмді қаржыландырды" деген айып бойынша жеті жылға бостандығынан айырған.
- Соттың ұйғармы бойынша Жыланбаев: "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы экстремистік ұйым деп танылғанын біле тұра Астана қаласы аумағында "ҚДТ" ұйымының қызметіне белсенді түрде араласып, Мұхтар Әблязов ұйымдастырған заңсыз митингілерге қатысқан. Сонымен қатар, Әблязов пен және оның шетелдегі штабымен байланыс орнатып, олардың Конституциялық құрылымды күштеп өзгертуді көздейтін тапсырмаларын орындаған. 2021 жылы Жыланбаев М.Т. қоғамға қауіпті салдарды түсіне отырып, Әблязовтың тапсырмасын орындап, Астана қаласындағы Республика даңғылында орналасқан ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішке келіп, "ҚДТ" ұйымының қызметін насихаттаған. 2022-2023 жылдары Жыланбаев М.Т. "ҚДТ" қызметінің экстремистік сипатын біле тұра, басқа адамдармен сөз байласып, оған ақпараттық, қаржылық және өзге де көмек көрсеткен. Әлеуметтік желіде ұйымды қаржыландыруға және оған қосылуға шақырған". Сот оны қоғамнан оқшаулап қана түзетуге болады деген ұйғарымға келген.
- Жыланбаев пен оның жақтастары тағылған айыптарды саяси астары бар деп жоққа шығарды.
- 2018 жылы Қазақстан соты ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент 2019 жылы наурызда қабылдаған қарарында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған.
- Қазақстандық құқық қорғаушылар биліктің саясатын қатты сынайтын Марат Жыланбаевты "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан. Ресми Астана елде саяси тұтқын жоқ, ешкім саяси ой-пікіріне бола қудаланбайды дейді.