Accessibility links

Марат Жыланбаев жайлы қоғам өкілдерінің дабылы омбудсменге "хайп" болып көрінді


"Экстремистік ұйым ісіне араласты және қаржыландырды" деген айыппен жеті жылға сотталған оппозициялық белсенді Марат Жыланбаевтың денсаулығы әлсіреген деді адвокаты. Түрмеден жазған хатында Жыланбаев қамауда отырғандардың құқығы сақталмайтынын, берген арыз-шағымы еленбейтінін айтқан. Ақмола облыстық ҚАЖД белсендінің "жағдайы қалыпты" десе, Қазақстан омбудсмені қоғам өкілдерінің Жыланбаев жайлы дабылын "PR-акция, хайп" деп атады.

"Тағы да аштық жариялап жатыр"

Ресми тіркелмеген "Алға, Қазақстан!" партиясын құру жөніндегі бастамашыл топтың белсенділері 28 шілде күні Ақмола облысы Степногорск қаласындағы №4 мекемеге, сонда жазасын өтеп жатқан 61 жастағы Марат Жыланбаевтың жағдайын біліп, сәті түссе онымен жүздесуге барды. Бірақ, әдеттегідей оларды бұл жолы да түрмеге кіргізген жоқ, қамауда аштық жариялап жатқан марафоншының қазіргі жай-күйін видеоға түсіріп болса да көрсетуді сұраған өтінішін де орындамады.

– Біз Марат Жыланбаевтың денсаулық жағдайына қатты алаңдап отырмыз. Ол жиынтығы бір жыл уақыт бері аштық жариялап келеді. Бұл оның денсаулығына қатты зиян. Түрме басшылығынан оның фотосын болсын көрсетуді сұрадық. Әзірге ешқандай жауап айтпады, – деді Азаттық тілшісі телефонмен сөйлескен Амангелді Жахин.

Сол күні Марат Жыланбаевпен жүздескен адвокат Денис Малюга қамаудағы белсендінің жағдайы мәз емес, ол тағы да аштық жариялап жатыр деп айтты.

– Ол 42 күндік аштық акциясын 9 шілдеде аяқтап, денсаулығын қалпына келтіру үшін жеке камерада қалдыруды сұрап түрме басшылығына өтініш жазған. Бірақ әкімшілік рұқсат бермеген соң, араға бес күн салып, ол мерзімсіз аштық жариялауға мәжбүр болған, – деді Денис Малюга.

Тіркелмеген "Алға, Қазақстан" партиясының жақтастары Марат Жыланбаев отырған түрме алдында наразылық білдіріп, оны босатуды талап етіп тұр. Степногорск, Ақмола облысы, 7 сәуір, 2025 жыл.
Тіркелмеген "Алға, Қазақстан" партиясының жақтастары Марат Жыланбаев отырған түрме алдында наразылық білдіріп, оны босатуды талап етіп тұр. Степногорск, Ақмола облысы, 7 сәуір, 2025 жыл.

Адвокат бұған дейін 18 шілде күні Жыланбаевқа кіріп, жағдайын көргенін, содан бері оның қатты жүдегенін байқағанын айтты. Оған Марат көп сөйлей алмайтынын, әлі құрып қалатынын жеткізіпті.

– Ол маған: "кейде әбден әлсіреп қаламын, мысалы, қазір сенімен сөйлесіп отырмын. Бұлшықеттерімді сақтауға тырысамын. Егер денемдегі бұлшықеттер солса, құр сүйек-терім ғана қалады. Ондайда орындыққа отырудың өзі қиынға соғады" деп айтты. Бәлкім, ол осы ауырсынуды сезініп отырған шығар, оны нақты білмеймін, – деді Денис Малюга Азаттыққа.

Жыланбаев неге сотталды?

Гиннестің рекордтар кітабына енген жеті рекордтың иегері атанған, танымал марафоншы Марат Жыланбаев тіркелмеген оппозициялық "Алға, Қазақстан!" партиясын құру жөніндегі бастамашыл топтың жетекшісі болған. 2023 жылдың көктемінде белсенді қамауға алынып, оның ісін жабық қараған Астана соты сол жылы күзде Марат Жыланбаевты "экстремистік ұйым ісіне араласты" және "экстремизмді қаржыландырды" деген айып бойынша жеті жылға бостандығынан айырған. Оған Қазақстан соты "ірі көлемде қаржы жымқырған" және басқа аса ауыр қылмыстар жасаған деген айыппен сырттай бірнеше үкім шығарған (арасында өмір бойына бостандығынан айыру жазасы да бар) қуғындағы оппозиционер Мұхтар Әблязовқа жақтасып, оның "Конституциялық құрылысқа қарсы әрекетін қолдауға ат салысты" деген айып тағылған. Жыланбаев пен оның жақтастары тағылған айыптарды саяси астары бар деп жоққа шығарды.

Соттың ұйғармы бойынша Жыланбаев: "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы экстремистік ұйым деп танылғанын біле тұра Астана қаласы аумағында "ҚДТ" ұйымының қызметіне белсенді түрде араласып, Мұхтар Әблязов ұйымдастырған заңсыз митингілерге қатысқан. Сонымен қатар, Әблязов пен және оның шетелдегі штабымен байланыс орнатып, олардың Конституциялық құрылымды күштеп өзгертуді көздейтін тапсырмаларын орындаған. 2021 жылы Жыланбаев М.Т. қоғамға қауіпті салдарды түсіне отырып, Әблязовтың тапсырмасын орындап, Астана қаласындағы Республика даңғылында орналасқан ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішке келіп, "ҚДТ" ұйымының қызметін насихаттаған. 2022-2023 жылдары Жыланбаев М.Т. "ҚДТ" қызметінің экстремистік сипатын біле тұра, басқа адамдармен сөз байласып, оған ақпараттық, қаржылық және өзге де көмек көрсеткен. Әлеуметтік желіде ұйымды қаржыландыруға және оған қосылуға шақырған".

Сот оны қоғамнан оқшаулап қана түзетуге болады деген ұйғарымға келген.

2018 жылы Қазақстан соты ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент 2019 жылы наурызда қабылдаған қарарында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған.

Қазақстандық құқық қорғаушылар биліктің саясатын қатты сынайтын Марат Жыланбаевты "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан. Ресми Астана елде саяси тұтқын жоқ, ешкім саяси ой-пікіріне бола қудаланбайды дейді.

ҚАЖД жауабына Жыланбаевтың пікірі

Адвокаттың сөзінше, Жыланбаев түрмеде адам құқығы сақталуын, жазасын өтеп жатқан азаматтарға қалыпты жағдай жасалуын мекеме әкімшілігінен талап етуді тоқтатпаған.

– Ол өзі жатқан камерадағы егеуқұйрықтың құмалағын менен беріп жіберді. Мұның қандай ауру таратуы мүмкін екендігін зерттеу үшін тәуелсіз зертханаға тапсырып, анықтап беруді сұрады. Мараттың денсаулығы қатты әлсіреген. Иммунитеті әлсіз ағзаға мұндай лас, сыз тартып, көктеген жерде жату да қауіпті. Ол өзін ұмытпауды, хат жолдап тұруды өтініп, сәлем айтты, – деді адвокат.

Денис Малюга құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Жыланбаевқа беріп жіберген ҚАЖД жауабын оған оқуға бергенін айтты. Адвокаттың сөзінше, ҚАЖД Жыланбаевтың жағдайына байланысты жазбаша сауал жолдаған Төреғожинаға "бәрі жақсы" деген сарында жауап қайтарған. Жыланбаев ҚАЖД жауабында айтылған әр жайтқа жеке тоқталып, өз пікірін айтыпты.

– Марат өзі жайлы ҚАЖД-ның жауабын оқығаннан кейін мынадай мәлімет берді: оған хаттар мен газеттер көбіне жетпейді, ал жауапта "корреспонденция толық жеткізіледі" деп жазылған. Skype (мессенджер) жоқ, бірақ жауапта "жұмыс істеп тұр" деп көрсетілген. Тазалық мәселесі мүлде сын көтермейтінін бұрын да айтқан, әлі де солай жалғасып жатыр. Жауапта "бәрі қанағаттанарлық жағдайда" деп айтылған, яғни шындыққа жанаспайды. Марат отырған камера сыз тартып, қабырғасы көгеріп, құлап жатыр, едені шіріп кеткен. Ол жерде небір жәндік: бүрге, тарақан, тышқан, егеуқұйрық өріп жүреді. Мараттың айтуынша, оған құрал-саймандары берілмейді, ал ҚАЖД жауабында "оларды пайдалану мүмкіндігі бар" деп жазған. Бұған қоса, ол әлгі құралдар сырттағы қоймаларда сақталатынын айтты. Егер олар қоймада болса, Марат оларды қалай пайдалана алады? Тіпті қылжақ қылғандай: "Марат түнде тамақ ішеді" деп жазыпты. Марат мұны естігенде күліп, өтірік екенін айтты. Біріншіден, ол – өте адал адам, мен бұған толық сенемін. Екіншіден, оларда үнемі тінту жүргізіледі. Адам аштық жариялайтыны жайлы өтініш жазғанда, оның барлық затын – кесе, қасық, азық-түлігіне дейін алып қояды, – деді адвокат Малюга.

Азаттық тілшісі түрмедегі Марат Жыланбаевтың жағдайына байланысты Ақмола облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары, әділет полковнигі Берік Бакулинге хабарласты. Жыланбаев жайлы толымды ақпарат беруден бас тартқан Бакулин "оның халі жақсы" деген қысқа жауаппен шектелді.

"Сенімхатты тартып алмақшы болды"

Денис Малюга Степногорскідегі №4 қамау мекемесінде қысым көргенін айтты. Оның сөзінше, түрме қызметкері адвокаттан Жыланбаевтың құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаға жазып берген сенімхатын тартып алуға талпынған.

– Мынау – менің жазба дәптерім, адвокат құпиясын тасымалдаушы. Мұнда тек Жыланбаев емес, өзге де клиенттеріммен жұмысқа қажетті деректер жазылған. Мынау –жұмыс сөмкем, ішінде құжаттар бар. Мұнда да адвокат құпиясы сақталған. Ешбір адам, ешқандай қызметкердің бұл құжаттарға үңіліп, оларды оқуға хақы жоқ. Бірақ бүгін өрескел жағдайға тап болдым: нақтырақ айтсам, режим бөлімінің жедел уәкілі Рүстем Ансар менің қолымнан Мараттың құқық қорғаушы Төреғожинаға жазған сенімхатын тартып алды. Бұл құжатты Марат бұған дейін де бірнеше рет жазғанымен, әлі күнге дейін рәсімделген жоқ. Тек басқа түрме қызметкерінің араласуымен сенімхат аман қалды. Мекеме тарапынан мұндай заң бұзу әрекеті болмау керек, – деді адвокат.

Азаттық адвокат Малюганың айтқанына байланысты түрме әкімшілігінен пікір алуға талпынғанымен, мекеме қызметкерлері журналистермен телефонмен сөйлесуге құлық танытпады.

Қазақстандық құқық қорғаушы, "Ар.Рух.Хақ" ұйымының жетекшісі Бақытжан Төреғожина түрмедегі Марат Жыланбаевтың денсаулығы нашарлап кеткені жайлы Facebook-парақшасында пост жариялағаннан кейін оны полицияға шақыртқан. Мұны құқық қорғаушы әлеуметтік желідегі парақшасына жазды.

Әлгі жазбада Төреғожина Жыланбаевты "терісінің түсі өзгерген, есінен танып қала жаздайды", салмағы 45 келіге дейін кеміп кеткен деп сипаттаған. Алайда Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) бұл хабарды теріске шығарып, құқық қорғаушыға "жалған ақпарат таратқаны" үшін жауапқа тартылатынын ескерткен.

25 шілдеде көкшетаулық белсенділер Назгүл Жүсіпова мен Дәметкен Бейсембаева түрме ішінен түсірілген видеодан Жыланбаевтың құр сүлдері қалғанын көріп, шошығанын айтқан еді.

Марат Жыланбаевтың түрмеден жазған хаты

Туыстары қазір Марат Жыланбаевтың денсаулық жағдайына қатты алаңдап отыр. Белсендінің ұлы Рүстем Жыланбаев Қазақстан халқы мен билігіне видеоүндеу жасап, әкесінің ісін қайта қарауды, оны басқа колонияға ауыстыруды сұрады. Бірақ әзірге биліктен жауап болған жоқ.

Марат Жыланбаев адовкатынан беріп жіберген хатында дәрігерлік бақылаудың бәрінен бас тартқанын, бұл да оның наразылығының бір бөлігі екенін ескерткен.

"Менің жағдайыма бәріңіз алаңдап жүргендеріңізді білемін. Мен дәрігерлердің тексеруі мен бақылауынан, қан қысымымды, тамыр соғысын, салмағым мен дене қызуымды өлшетуден – бәрінен бас тарттым. Бұл менің қамауға алынуыма және 7 жылдық жаза кескен үкімге қарсы аштық акциям секілді наразылықтың түрі. Мен шыдамды адаммын, бәріне төземін!" – деп жазған Марат Жыланбаев.

«Бәріне төземін». Жыланбаев түрмеден хат жазды
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:38 0:00

Қазақстан омбудсмені: Жыланбаевтың жағдайы бұрынғыдай

Қазақстан Республикасының адам құқықтары жөніндегі уәкілі (омбудсмен) Артур Ластаев түрмедегі Марат Жыланбаевтың денсаулық жағдайына алаңдауға негіз жоқ деп есептейді. Омбудсмен өз пікірін Facebook-тегі ресми парақшасына жариялады.

Қазақстан Республикасының адам құқықтары жөніндегі уәкілі Артур Ластаев. Алматы, 28 тамыз, 2023 жыл.
Қазақстан Республикасының адам құқықтары жөніндегі уәкілі Артур Ластаев. Алматы, 28 тамыз, 2023 жыл.

"Демалыста болғандықтан, объективті себептерге байланысты, сотталған М.Жыланбаевқа қатысты бірер күн бұрын басталған пиар-акцияны бірден бақылап үлгермедім. Байланысқа қолым жетісімен заңда қарастырылған құқықтарымды пайдаланып, оның қазір қандай жағдайда жазасын өтеп жатқаны туралы бейнежазбаларды сұраттым. Бейнематериалды жеке қарап шығып, ол бұрынғыдай жазасын өтеп жатқанына, серуенге шығып, туыстарымен және адвокаттарымен кездесіп, спортпен айналысып, кітап оқитынына көз жеткіздім. Медицина қызметкерлері оны тұрақты бақылап отыр. Жалпы, оны ұстау шарттары қолданыстағы нормаларға сәйкес келеді", – деп жазды постында Артур Ластаев. Ол заң талабы бойынша, Жыланбаевтың қазіргі жай-күйі жайлы видеоны жариялай алмайтынын айтқан.

Омбудсмен бұған қоса "жазасын өтеп жатқан азаматтың денсаулығы сияқты маңызды мәселелерде хайп жасау – бұл заңға қайшы әрекет қана емес, сонымен бірге М.Жыланбаевтың туыстары мен жақындарына қатысты адамгершілікке жат қылық" деп баға беріп, баршаны жауапкершілік танытуға үндеген.

БҰҰ-ның жөнсіз ұстау жөніндегі жұмыс тобы биыл сәуірде өткен 102-сессиясында қабылдаған 18/2025-шешімінде Марат Жыланбаевтың жосықсыз ұсталғанын айтып, осы әрекет барысында Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының жеті бабы және Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің алты бабы бұзылған деген қорытынды жасаған. БҰҰ-ның жұмыс тобы Қазақстан билігін Марат Жыланбаевты дереу босатуға, оған өтемақы төлеуге және барлық құқықтарын қалпына келтіруге бағытталған өзге де шараларды қабылдауға, сонымен бірге оның еркінен тыс ұсталуының мән-жайын толық әрі тәуелсіз тергеп-тексеруге және Жыланбаевтың құқықтарын бұзуға жауапты тұлғаларға қатысты тиісті шаралар қабылдауға шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG