Жекеменшік мектепке сұраныс неге артты?
Мектепке баратын баласы бар әр ата-ана сапалы білім беретін оқу орнын іздейтіні анық. Шәкірттерді оқуға іріктеп қабылдайтын Назарбаев зияткерлік мектептерінде, "Білім-инновация" лицейлері мен облыстық және республикалық физика-математика мектептерінде сапалы білім алуды көздеген оқушылардың бәріне орын бола бермейді.
Сондықтан елде сапалы білім мен жүйелі дайындық ұсынатын жекеменшік мектептердің қатары көбейіп келеді. Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, қазір Қазақстанда 800-ге жуық жекеменшік мектеп бар. Үкімет былтыр 114 жеке сектордағы білім беру ошағына лицензия берген.
Қазақстан бойынша бір модельде 8 мектеп ашқан QAZBILIM GROUP жетекшісі Аятжан Ахметжан ата-ана баласының бір жерде таңертеңнен кешке дейін оқып, қосымша дайындықтарға қатысқанын құп көреді дейді. Сондықтан жекеменшік мектептің шәкіртті кешке дейін оқытуды ұсынатын бағдарламалары мемлекеттік мектептен озып тұр.
"[Оқушылар] мемлекеттік мектепте таңертеңгі 8:00-ден 13:30-ға дейін сабақ оқитын болса, бізде, мысалы, 8:30-дан 18:00-ге дейін жүреді", – дейді ол.
Қазақстанда негізгі және жалпы орта білім беретін 8 мыңға жуық мектеп бар. Онда 4 миллионға жуық шәкірт оқиды. Оқушылардың 250 мыңнан астамы жекеменшік мектепте білім алады. Биыл орта білім беру қызметін ұсынып отырған жеке сектордағы мектеп саны 800-ге жуықтаған. Informburo.kz басылымының жазуынша, кейінгі 6 жылда елдегі жекеменшік мектеп саны 4 есе өскен.
Мамандар 2019 жылы әр оқушыға мемлекеттен бөлінетін субсидия бекітілгеннен кейін елдегі инвесторлардың мектеп ашуға қызығушылығы күрт өсті дейді. Үкімет лицензиясы бар жекеменшік мектепке баратын әр оқушыға жылына 500 мың – 700 мың теңге аралығында ақша төлейді. Мемлекеттік қаржыландыру оқушының қай сыныпта оқитынына байланысты өзгереді. Мысалы, бастауыш сынып оқушысының шығыны аздау. Оқушы сыныбын ауыстырып, жасы өскен сайын мемлекет қолдауы да артып отырады.
Мемлекеттік "ҚазАқпарат" агенттігінің дерегінше, 2024 жылы жеке секторда оқитын балаларға үкімет бөлген қаржы 185 миллиард теңгеден асқан.
Қазақстандағы кейбір халықаралық мектептерде жылдық оқу ақысы 18 миллион теңгеге барады. Мемлекеттік субсидия есебінен шығынын жауып отырған жеке мектептердің бір бөлігі ата-анадан ақша алмай, тегін білім береді. Бірақ ел бойынша шәкіртті оқуға іріктеп қабылдау жүйесін енгізді. Мысалы, BI Group компаниясының Бурабайда ашқан "IQanat" білім мекемесі шәкіртті іріктеп оқуға қабылдайтын жекеменшік мектептер қатарына кіреді.
Білім беру ісінің маманы, Hyperion жекеменшік мектебінің негізін қалаған Нұрмұхаммед Досыбаев жеке секторға сұраныстың артуына әсер еткен өзге де факторлар бар дейді.
"Нарықтағы жекеменшік мектептердің жыл сайынғы өсіміне қарайтын болсақ, сұраныс жоғары. Оның бірнеше себебі бар. Біріншісі – халық санының өсімі. [Мәселе] мемлекеттің мемлекеттік мектептерді қажетті мөлшерде салып үлгермеуінде [болып отыр], яғни жыл сайын мектеп бітіретіндер саны мектепке келетіндер санынан 1,5-2 есе аз. Сондықтан сұраныс болады. Екіншісі, халықтың әл-ауқатының жоғарылауының көрсеткіші деп есептеймін. Себебі жекеменшік мектепке ата-ана қосымша бір талаппен барады. Мемлекеттік мектепке қоя алмаған талаптарын қызмет алушы ретінде жекеменшік мектепке қояды, яғни олар сұранысын жүзеге асыратын мектепке қосымша ақы төлеуге дайын", – деді Досыбаев.
Білім сапасы
Қазақстан билігі тәуелсіздік алғалы бері оқушыларды үш ауысымда оқытатын мектептерді азайтуға тырысып келеді. Халық өсімі мен көші-қоны үкіметті мектеп салуға көбірек қаражат бөлуге итермелеп отыр.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 2019 жылдан бері Қазақстанда 1 миллион оқушыға арналған 1200 жаңа мектеп салынған. Соның есебінен, үш ауысыммен оқытатын мектеп саны 100-ге азайған.
Алайда білім сапасын арттыру үшін оқушылар тек бір ауысыммен және шағын сыныптарда оқуы керек дейді маман.
"Біз білім беру бәсекесінде Финляндия, Сингапур, Эстония сияқты алдыңғы елдердің дәрежесіне жетеміз десек, барлық мектеп бір ауысымға, толық білім беруге көшуі керек. Ал қазір мемлекет бір ауысымды жүйеге көшуге дайын ба? Жоқ, біз қазір үш ауысымды жүйеден арыла алмай отырмыз. Дәл осындайда бізге мемлекеттің екі ауысымдық мектеп жетеді немесе бір сыныпта 40 оқушы ұстап отырып, бізде мектеп тапшылығы жоқ деген жалған цифры біздің болашағымызды қаншалықты баянды етеді?!" – дейді QAZBILIM GROUP басқарма төрағасы Аятжан Ахметжан.
Оқу-ағарту министрлігінің Азаттыққа берген дерегіне сәйкес, елде қазір үш ауысыммен оқытатын 40 мектеп бар. 3000-ға жуығы бір ауысыммен, ал 4900 білім мекемесі екі ауысыммен бала оқытып жатыр.
"Мектептер мейлі жекеменшік болсын, мемлекеттік болсын, мемлекеттік стандарттар мен бағдарламалар аясында білім беруге міндетті. Сондықтан, егер нақты қандай да бір балабақша немесе мектеп осы заңды бұзғанын анықтап жатсаңыздар, сіздер министрлікке нақты сол мектеп туралы ақпарат берсеңіздер болады", – деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев 24 шілде күні үкімет үйінде өткен брифингте.
Азаттық Оқу-ағарту министрлігіне хабарласып, "министрлік жеке сектордағы мектептердегі білім беру сапасын қалай қадағалайды?" деп сұрады.
"Білім беру ұйымдарының жалпыға міндетті стандарттарға сәйкестігін бақылау мақсатында білім туралы заңның негізінде 5 жылда бір рет мемлекеттік аттестациялау жүргізіледі. Аттестециялау барысында мектептің жалпыға міндетті білім беру стандарттарына сәйкестігін тексереді. Сонымен қатар, 4-9 сынып оқушыларының білімін бағалау үшін кешенді тестілеу жүргізіледі. Білім беру ұйымы мемлекеттік аттестациялауда өтпей қалғанда, ұйымға барып, профилактикалық бақылау жүргізіледі. Сол кезде білім беру ұйымы қызметінің барлық білім саласындағы заңнамаға сәйкестігі қаралады", – деді Оқу-ағарту министрлігі Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Шынар Ақпарова.
Оксфордта білім беру саласында оқыған Нұрмұхаммед Досыбаев қазір "үкімет бар ресурсын мемлекеттік мектептердегі білім сапасын арттыруға жұмсауы керек" деп есептейді. Оның сөзінше, жекеменшік мектептердегі білім сапасын оқу ақысын төлеп отырған ата-ана талап ету арқылы-ақ қадағалай алады.
"[Министрлікте] артық ресурс, қаражат, адами капитал болса, көпшілік оқитын мектептерді сапалы біліммен қамтамасыз ету керек. Себебі жекеменшік мектептерде сапаны қадағалайтын ақша төлеп отырған ата-ана бар. Сондықтан ресурс аз кезде, оны тиімді пайдалану керек. Одан ресурс артылып жатса, онда әрине, жекеменшік мектептердегі ата-аналардың сапаны қадағалау ісіне атсалысып, қолдау көрсеткен дұрыс болады", – дейді ол.
Өткен аптадағы үкімет брифингінде жекеменшік мектептерге лицензия беру мәселесі де талқыланды. Жиынға қатысқан журналистердің бірі "Елде 66 мектептің лицензиясыз жұмыс істегені жайлы ақпарат тарады. Олардың қаншасы қазір лицензиясын алды?" деп сұрады. Министр Бейсембаев 66 мектептің 18 ғана лицензия алып үлгермегенін, оқу жылының басына дейін берілетінін айтты.
Бала оқытуға лицензия алып үлгермеген мектептердің бірі – QazBilim ұлттық лицейлер желісінің Астанадағы филиалы. Оның басшысы Аятжан Ахметжан лицензия алу үдерісі жыл өткен сайын күрделеніп, оған кететін уақыт та ұлғайғанын айтады. Оның сөзінше, лицензия алуға қазір 5-7 ай кетеді.
"Заң бойынша олар лицензиясыз жұмыс бастамаңыз дейді. Енді оған келісейін десең, лицензия алу үшін мұғалімнің біліктілік талаптары бар. Сізде кемінде 15 мұғалім болуы шарт. Оның зерттеушісі, шебері, сарапшысы болуы керек деген талап бар. Сапалық құрам деп аталады. Енді оқу қызметін бастамасаңыз, сізде мұғалім істемейді ғой. Мұғалім жұмыс істемесе, сіз сапалық құрамды орындай алмайсыз", – дейді ол.
Жекеменшік мектептердің болашағы қандай?
Қазақ үкіметі биыл 26 қаңтардан бастап жекеменшік мектептерге бағытталған қолдауды қысқартты. Бұған дейін ата-ана төлейтін сома 1200 айлық есептік көрсеткіштен асса ғана, мемлекет қаржысын алмайтын. Енді бұл көрсеткіш 250 АЭК-ке төмендеді, яғни ата-аналардан жылына 1 миллион теңге көлемінде оқу ақысын алатын жекеменшік мектептер субсидиядан айрылады.
Сосын мектептегі бала саны 200-ге жетпесе де, мемлекет қолдау білдірмейді. Сарапшы бұл жекеменшік мектептерді қолжетімді ету әрекеті дейді.
"Мемлекет "жайлы мектеп" жобасын іске асырып, бірнеше мың оқушыға арналған мектептер ашты. Сондықтан қазір білімді қаржыландыру саясатында өзгерістер болды. Бірінші кезеңде, ол көбіне ата-аналардан алынатын ақы 2,5 миллион теңгеден асатын халықаралық жекеменшік мектептерге әсер етті. Екінші кезеңде, оқу ақысы миллион теңгеден асатын мектептердің бәріне әсер етеді деп ойлаймын, яғни ата-анадан белгіленген мөлшерден артық қаражат алатын жекеменшік мектептер мемлекет субсидиясын ала алмайды деген заңдар біртіндеп енгізіліп жатыр. Бұл арқылы мемлекет те жекеменшік мектептерді халыққа қолжетімді еткісі келеді", – деді Нұрмұхаммед Досыбаев Азаттыққа.
Білім беру саласының мамандары мемлекеттік көмек азайса да, жекеменшік мектептерге сұраныс арта беретінін айтады.
"Баласының біліміне инвестиция салатын ата-ана көбейіп келе жатыр. Білім беру нарығындағы бәсекелестік арта түсті. Сондықтан ата-ана баласы сапалы білім алғанын қалайды. Ал бір сыныпта 40 оқушы, бір мектеп екі не үш ауысымда тұрған кезде ешқашан бізде сапалы білім болмайды. Сондықтан шамасы жеткен ата-ана баласын жекеменшік мектепте оқытуға тырысады. Мен бұл үрдіске де дұрыс қараймын: шамасы жеткен адам ақысын төлеп оқыта берсін. Есесіне мемлекеттік мектептер өз жүктемесінен жеңілдейді. Ол мемлекеттік мектептердің сапасының артуына оң ықпал етеді. Сондықтан сұраныс артады деп ойлаймын", – деді QAZBILIM GROUP жетекшісі Аятжан Ахметжан.
ПІКІРЛЕР