Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Таразда Жаңаөзенді қолдаған тұрғынды полиция тергеп жатыр

Таразда полиция наразыларды ұстап жатыр. 4 қаңтар 2022 жыл. Видеодан алынған скриншот.
Таразда полиция наразыларды ұстап жатыр. 4 қаңтар 2022 жыл. Видеодан алынған скриншот.

4 қаңтарда Жаңаөзендегі наразыларды қолдап, Тараздағы орталық алаңға бейбіт митингіге шыққан қала тұрғыны Нұрадин Рақайды полиция тергеп жатыр. Бұл туралы әйелі Маржан Рақай хабарлады.

Маржан Рақайдың сөзіне қарағанда, Нұрадин Рақайды үш күннен бері Жамбыл облыстық полиция департаментінің қызметкерлері тергеуге шақырып жатыр. Оны қорғануға құқығы бар куә ретінде таныған. Ұялы телефонын тәркілеген.

– Тараздағы мемлекеттік құрылыс-бақылау басқармасында жұмыс істейтін. Наразылықтан соң шақырып алып өткен уақытпен өз еркімен жұмыстан кету туралы өтініш жаздырды. Қазір полиция тергеуге әкетті. Қандай айып таққанын, қай баппен тергеуге шақырғанын полиция айтпаған. Бүгін үшінші күн. Тек түнде үйге жіберіп жатыр, - дейді Маржан Рақай.

Нұрадин Рақаймен бірге наразылыққа шыққан өзге азаматтардың тергеуге шақырылғаны туралы әзірге ақпарат жоқ.

Жамбыл облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі жауап бермеді. Нұрадин Рақай жұмыс істеген мекемеден де жауап алу мүмкіндігі болмады.

Ақпаратқа қарағанда, Нұрадин Рақай басқармаға дейін медиа саласында жұмыс істеген. Әлеуметтік желіде билікті сынап жазбалар жазады.

4 қаңтар күні Тараздағы орталық алаңға бір топ адам Жаңаөзендегі наразыларды қолдап шыққан. Нұрадин Рақай алаңда өз пікірін айта бастағанда полиция оны күштеп әкетіп, кейін босатқан.

Жаңаөзеннен басталып, ізінше Қазақстанның өзге өңірлеріне тараған наразылықтан кейін елдің түрлі қалаларында жүздеген адам қылмыстық іске тартылып, кемінде үш мыңы әкімшілік жауапқа тартылды. Елде наразылық пен тәртіпсіздіктер өршіген шақта төтенше жағдай жарияланып, интернет өшірілді.

Ресми ақпарат бойынша, Жамбыл облысында "тәртіпсіздіктерден кейін" 250-ден астам адам ұсталған. 20 қылмыстық іс, 104 әкімшілік іс қозғалған.

Басқа да жаңалықтар

Депутат Бапи колониядағы Әйгерім Тілеужанға кіріп шыққанын хабарлады

Әйгерім Тілеужан (сол жақта) сот үкімін тыңдап тұр. Алматы, 11 шілде, 2023 жыл.
Әйгерім Тілеужан (сол жақта) сот үкімін тыңдап тұр. Алматы, 11 шілде, 2023 жыл.

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи 30 шілдеде Алматы облысы Іле ауданындағы Жауғашты әйелдер колониясында отырған белсенді Әйгерім Тілеужанға кіріп шыққанын хабарлады. Ол Азаттыққа Тілеужанмен бетпе-бет кездескенін айтты және Әйгерімнің ахуалын "жүзі жарқын, көңілді" деп сипаттады.

Депутат әлеуметтік желідегі постында бұл сөзін дәлелдейтін фото не видео жариялаған жоқ.

"Түрмеде отырса да, азаматтық [ұстанымы берік], жігерлі, қайратты. Қоғамда болып жатқан мәселелерге көңіл бөліп отырады екен" деді Ермүрат Бапи Азаттыққа.

"Шағымың бар ма?" дедім. "Ешқандай шағымым жоқ" деді. Шағымы болғанда енді түрменің өз ішіндегі жағдайлар ғой. Ескі түрме. 1937 жылы салынған. Одан бері жаңартылмаған. Соған байланысты гигиеналық талаптары бар. Ал басқа ешқандай талап айтқан жоқ" деді депутат.

Оның айтуынша, Әйгерім Тілеужанның ұсыныстары көп. Ол түрмедегі қыз-келіншектерге ағылшын тілін үйрету курсын ашу туралы және онлайн оқу мүмкіндігі туралы бастамалары барын айтқан. Депутат бұл жөнінде түрме әкімшілігімен сөйлескенін, алдағы уақытта қылмыстық-атқару жүйесі комитеті арқылы онлайн оқу мүмкіндігін ақылдасып көретінінін де жеткізді.

Депутаттың сөзінше, Әйгерім Тілеужанның 1 жыл 7 ай мерзімі қалған. Ол өзін кінәлі санамайтынын және сол себепті мерзімнен ерте бұрын босату туралы өтініш бермейтінін де айтқан.

"Тек істі қайта қарауға ғана келісетінін, басқа ешқандай өтініш жазбайтынын, мерзімді толық өтеп шығатынын айтты" дейді Ермұрат Бапи.

Әйгерім Тілеужанның мерзімінен ерте босап шығу туралы өтініш беруден бас тартатынын, өзін тек ақтауды ғана талап ететінін адвокаты Айнара Айдархан "Республика" басылымына айтқан еді. Маусым айының соңында Айнара Айдархан Әйгерім Тілеужанның рақымшылық туралы заңға да ілінбейтінін айтқан еді.

Былтыр көктемде адвокаты Айнара Айдархан түзеу мекемесі Әйгерім Тілеужанды маңызды медициналық емін алу үшін емханаға апармай отыр" деп дабыл қаққан. Белсенді өзін қамау режиміне келіспей аштық жариялаған.

Сол жылы маусымда Әйгерім Тілеужанның анасы мен бір топ белсенді Астанаға барып, қылмыстық-атқару жүйесі комитеті мен денсаулық сақтау министрлігі өкілдеріне "мекеме Әйгерімді тісін жөндетуге алып барсын" деген талап қойған. Анасының айтуынша, оны "машина жоқ деген себеппен тісін емдеуге апармаған". Ал депутат Ермұрат Бапидің сөзінше, Әйгерім Тілеужан өзі жазасын өтеп жатқан мекемедегі медицина кабинетінде – ем алудан, ал ол шақыртқан тіс дәрігері ем жүргізуден бас тартқан.

Журналист, белсенді Әйгерім Тілеужанды 2023 жылы шілдеде сот "Қаңтар оқиғасында Алматы әуежайындағы жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды" деген айыппен 4 жылға түрмеге қамаған. Белсенді бұл айыпқа келіспейді.

2023 жылы қарашада апелляция алқасы бірінші сатыдағы сот үкімін өзгеріссіз қалдырған. Ал 2024 жылы шілдеде Жоғарғы сот Алматы әуежайын "басып алу" ісін қайта қарауға "негіз жоқ" деп шешті.

Қазақстандық құқық қорғаушылар істің саясиланғанын айтып, Әйгерім Тілеужан және осы іс бойынша сотталған өзге белсенділерді "саяси тұтқын" деп таныған.

Батыстың 15 елі Палестина мемлекетін мойындауға шақырды

Франция президенті Эммануэль Макрон және Палестина автономиясының жетекшісі Махмуд Аббас
Франция президенті Эммануэль Макрон және Палестина автономиясының жетекшісі Махмуд Аббас

Франция бастаған Батыстың 15 елі Палестина мемлекетін мойындау туралы үндеу жазылған ортақ мәлімдеме таратты.

Газадағы қақтығыс мәселесіне арналған Нью-Йорктегі конференциядан кейін 15 елдің сыртқы істер министрлері мәлімдемеге қол қойды. Оның мәтінін Франция сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барро жариялады.

Өткен аптада Франция Батыстың ірі державаларының арасында алғаш рет – қыркүйек айында Палестина мемлекетін мойындайтынын мәлімдеген. Оның бұл мәлімдемесін Израиль мен АҚШ сынағанмен бірқатар ел қолдаған. Жуырда Палестина мемлекетін мойындау мүмкіндігі мәселесін Ұлыбритания да айта бастады.

Ортақ мәлімдемеге Франция, Финляндия, Ирландия, Испания, Португалия, Люксембург, Словения, Мальта, Андорра, Сан-Марино, Норвегия, Исландия, Австралия, Канада және Жаңа Зеландия қол қойған. Онда мәлімдеме иелері (АҚШ пен Еуроодақ террористік ұйым деп таныған) ХАМАС радикалды тобының 2023 жылы 7 қазан күнгі шабуылын айыптап, тұтқындағы азаматтарды босатуға шақырған. Бір мезетте Израиль ХАМАС-қа қарсы операциясын жалғастырып жатқан Газадағы ауыр гуманитарлық дағдарысты атап өтіп, атысты тоқтатуға үндеген. Олар сонымен бірге Газа секторының болашақ "моделін" әзірлеуге атсалысуға әзір екенін де айтқан. Оған Газаны қалпына келтіру, ХАМАС-ты қарусыздандыру, оны Газаны бақылаудан шеттету сияқты қадамдар да кіреді. Олар сонымен бірге Палестина автономиясы билігі сайлау өткізу, Палестина мемлекетін демилитаризациялау сияқты бірқатар міндеттемелерді мойнына алуы керектігін де айтқан.

Министрлер Палестина мемлекетін мойындағанын немесе мойындауға дайын екенін айтып, өзге елдерді өздеріне қосылуға шақырған.

Бұған дейін Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер егер Израиль қыркүйекке дейін атысты тоқтатпаса, Палестина мемлекетін мойындауға дайын екенін мәлімдеген. Лондон және өзге елдердің ұстанымының өзгеруіне Газадағы ауыр ахуал жайлы хабарламалар түрткі болған. БҰҰ және халықаралық гуманитарлық ұйымдар Газаны аштық жайлағанын айтқан. Аумаққа гуманитарлық көмек жетпегеніне Израильді айыптаушылар көп, ал ол оны жоққа шығарып, жауапкершілікті ХАМАС-қа артқан.

  • БҰҰ қарарына сәйкес, Палестина аумағында еврей және араб мемлекеттері құрылуы керек. Израиль мемлекеті 1948 жылы құрылған. Ол кезде Палестина мемлекеті құрылмағандықтан оның аумағы әуел баста Египет пен Иордания бақылауында болды, кейін Израильге көшті. Ізінше Палестина автономиясы құрылды. Оның билігі Палестина мемлекетінің тәуелсіздігін халықаралық қауымдастық мойындағанына күш салып жатыр. Қазір оны БҰҰ-ға мүше шамамен 150 мемлекет мойындаған. АҚШ пен Израиль қазіргі кезде оны мойындаудан бас тартты.
  • БҰҰ қарарына сәйкес, мемлекет аумағы Иордан өзенінің Батыс жағалауы мен Газа секторы, Шығыс Иерусалимнен құралуы керек. Алайда осы аумақтың басым бөлігін бақылауда ұстап отырған Израиль бұл шекарамен келіспейді. Газа секторын ішінара Израильмен соғысып жатқан ХАМАС тобы бақылайды.

Ұлттық банк валюта интервенциясын жүргізуге кірісті. Кейбір пунктерде доллар 550 теңгеден сатыла бастады

30 шілде күнгі сауда барысында бір доллар бағамы 550 теңгеге жетіп, ай басынан бері – 5,8%, жыл басынан бері 4,7% әлсіреді. Бұл жөнінде 30 шілдеде Ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлады.

"Валюта нарығындағы өтімділіктің өте төмен болуына және алыпсатарлық қысымның күшею белгілеріне байланысты Ұлттық банк валюта интервенциясын жүргізуге кірісті" деп жазылған хабарламада.

Ұлттық банктің айтуынша, десе де негізгі экономикалық ахуал "қолайлы" күйінде қалып отыр: халықаралық нарықта "мұнайдың бір баррелі 70 АҚШ доллардан сатылып жатыр, АҚШ долларының жаһандық әлсіреу үрдісі сақталып отыр".

"Осыған байланысты теңгенің қазіргі әлсіреуі іргелі факторларды көрсетпейді және ұлттық валютаның жеткіліксіз бағаланғанын білдіреді" деп жазылған банктің ресми хабарламасында.

Kurs.kz сайтындағы мәлімет бойынша, 30 шілдеде Қазақстанның ірі қалаларында бір доллар негізінен 545-549 аралығында сатылып жатты. Кейбір пунктерде 550 теңгеге де жеткен.

Өткен аптада Ұлттық банк жетекшісі Тимур Сүлейменов қаржы нарығындағы валюта бағамына сұраныс пен ұсыныс әсер еткен деп түсіндірген.

"Қазір бағамға негізгі қысымды нарық факторлары: бюджет қаражатының белсенді игерілуі, импортты көбірек сатып алу, оған қоса маусымдық дивидендтер төлеу мен туристер сұранысы қалыптастырып отыр. Алыпсатарлар белсенділігін байқамадық – жағдай тұрақты және оны бақылап отырмыз", – деп жазды Сүлейменов Facebook желісінде.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының (ҚҚҚ) мамандары теңгенің әлсіреуін макроэкономикалық негіздермен түсіндіру қиын дейді. Сарапшылардың пікірінше, жеке тұлғалар да, нарық ойыншылары да доллар бағасы өсіп кетеді деген болжаммен валюта сатып алуға асықты. Соның нәтижесінде сұраныс ұсыныстан артып, доллар бағамы шарықтап шыға келді деп түсіндіреді олар.

Павлодарда әйел адам көп қабатты үйден екі баласын лақтырып, ізінше өзі де секірген

Павлодарда әйел адам көп қабатты үйден екі баласын лақтырып, ізінше өзі де секірген.

Tengrinews-дің жазуынша, оқиға жөнінде хабар облыстық жедел медицина қызметіне 30 шілдеде сағат 13.00 шамасында түскен.

“Тұрғындардың бірі Нұрмағамбетов көшесіндегі үйлердің бірінде бір әйел үйдің бесінші қабатынан екі баласын лақтырып, артынша өзі де секіргенін хабарлады. Оқиға орнына жедел жәрдем қызметінің үш тобы жіберілді деді жедел медицина қызметі станциясының баспасөз қызметі.

Дәрігерлер оқиға орнына 6 минутта жеткен.

Екі бала ауыр жағдайда облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Әйел ауыр жағдайда Павлодардағы № 1 қалалық ауруханаға жеткізілді” деді станцияның баспасөз қызметі.

Павлодар облыстық бала құқығы жөніндегі аймақтық уәкіл Сәуле Шәкенованың сөзінше, зардап шеккен балалардың бірінің жасы – 1,5 жаста, екіншісі 5 жаста. Оқиға кезінде пәтерде әйел мен балаларынан басқа ешкім болмаған.

"За нами выехали" арнасы зардап шеккендер подъездің төбесіне құлағанын жазды. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалған. Әйел адам бұған дейін медициналық мекемеде тіркеуде болған. Оқиғаның жай-жапсары тергеу барысында анықталатыны хабарланды.

Қуандық Бишімбаевтың туысы рақымшылыққа ілінді, ол түрмеден ертерек шығады

Бақытжан Байжанов сот залында. 2024 жыл.
Бақытжан Байжанов сот залында. 2024 жыл.

Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжановтың түрме жазасын қысқарту туралы өтініші қанағаттандырылды. Тиісті шешімді Степногорск соты шығарды.

Салтанат Нүкенованың өлімі бойынша Бишімбаевпен бірге сотталған Байжанов Конституцияның 30 жылдығына орай қабылданған рақымшылық туралы заңға сәйкес, жаза мерзімінің үштен бірін қысқартуды сұраған.

Сот отырысында мекеме өкілі Байжановтың марапаттаулары барын, түрме әкімшілігі оның әрекетін жақсы бағалайтынын айтқан.

Прокурордың сөзінше, сотталушы негізгі жазасының бір жыл 11 айын өтеген және онда тағы екі жыл 24 күн қалған. Сот осы мерзімді 8 ай 8 күнге қысқартқан. Осылайша Байжанов енді бір жыл 4 айдан кейін бостандыққа шығады.

Былтыр мамырда Астана соты Бишімбаевты 24 жылға бас бостандығынан айырған еді. Оны Нүкенованың өліміне кінәлі деп тапты. Байжанов қылмысты жасырғаны үшін 4 жыл түрмеге кесілген.

Былтыр сотта Байжанов қызметкерден мейрамхананың бақылау камерасынан 2023 жылы 9 қарашада болған қылмыс туралы жазбаны өшіруді талап еткенін мойындаған. Бұған қоса, Нүкенованың геолокациясын өзгерту үшін оның телефонын үйіне апаруды сұраған. Бірақ ол кезде Салтанаттың өлгенінен хабарсыз екенін және мұны Бишімбаевтың қысымымен жасағанын айтқан.

Бастапқыда қылмысты жасыру бабынан бөлек оған қылмыс туралы хабарламау бабы бойынша да айып тағылды, бірақ сот барысында бұл айып алынып тасталды. Байжанов аталған бапты мойындаған жоқ.

Сот кезінде ол өзіне Бишімбаевты жақындатпауды, оның өзіне қысым жасауға тырысып жатқанын айтқан.

Іс қоғамда резонанс тудырды, процестің барысын Қазақстан мен елден тыс аумақта миллиондаған адам бақылады. Процесс кезінде елде фемицид пен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы бірнеше акция өтті. Қазақстанда тұрмыстық озбырлық пен педофилия үшін жазаны қатайтуды қарастыратын заң қабылданды.

Қолданушылар Жыланбаевтың видеосын жариялауды, тәуелсіз құқық қорғаушыларды кіргізуді талап етті

Марафоншы Марат Жыланбаев Степногорск түрмесінде. 29 шілде, 2025 жыл.
Марафоншы Марат Жыланбаев Степногорск түрмесінде. 29 шілде, 2025 жыл.

Марат Жыланбаевтың фотоларын бір күн бұрын жариялаған Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі уәкілінің жанындағы үйлестіру кеңесінің хатшысы Раиса Шердің жазбасы қызу талқыланып жатыр.

Кейбір қолданушылар қырынан және арқасынан түсірілген суреттерден адамның жағдайын бағалау мүмкін емес екенін айтып, Жыланбаевтың видеосын жариялауды және оған тәуелсіз құқық қорғаушыларды кіргізуді талап етті.

"Біріншіден, оның [Жыланбаевтың] сөзін растайтын видео жоқ. Екіншіден, неге Мараттың жағдайы туралы айтқан құқық қорғаушылар жоқ? Үшіншіден, арқасы және қырынан түсірілген суреттерден адамның жағдайын бағалау қиын. Сондықтан жазбалардағы тұжырымдар күмән туғызады" деп жазды саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева Шердің жазбасының астына.

Тәуелсіз журналист Динара Егеубаева Шердің жазбасына қалдырған үш пікірі де тұтас өшірілгенін айтып, скриншоттарды да жариялады.

"Сұрақтардың бірінде мен оны тікелей эфирдегі сұхбатқа шақырдым. Жауап ретінде ол мені банға жіберді. Тоқаевтың 20 мың террорист туралы жазбасын өшіріп тастағаны есімде, ұмытылады деген үмітпен. Сұхбатқа шақырғанымда да үнсіз қалды. Олардың барлығы қандай қорқақ еді" деп жазды Динара Егеубаева.

"Мараттың жағдайы адам шошырлық. Тіпті арқа жағынан да оның үстінде киімі қалай ілініп тұрғанын көруге болады. Салмағы 50 келіге жетеді деп айта алмаймын. Адамды мазақтауды доғарыңдар" деп жазды Вадим Акинфеев есімді қолданушы Шердің жазбасының астына.

"Біріншіден, Адам құқықтары жөніндегі уәкілінің жанындағы үйлестіру кеңесі хатшысының өкілеті мен құзыреті қандай? Екіншіден, Ластаев жанындағы бұл үйлестіру кеңесі штаттық кестеде қарастырылған ба, әлде бұрынғы немесе қазіргі аппаратшылардан құралған қарапайым қоғамдық комитет пе? Үшіншіден және ең маңыздысы: Марат Жыланбаевтың суреті мен видеосы қайда? Осы кездесуден кейінгі оның қолтаңбасы бар өтініш жоқ? Неге кездесуге оның жеке адвокаты қатыспаған?... Осы пікірді орналастыруға 4 сағаттан астам уақыт кетті. Ол жоғалып кетті. Неге сұрақтарды өшіріп, жауап жазбадыңыздар?" деп жазды адвокат Василий Садықов.

Шердің жазбасының астында оны мақтаған, "жалған ақпаратқа жылдам реакция танытып, ашықтығы үшін" алғыс айтқан жазбалар да көп. Олар бір-біріне ұқсас.

"Енді қоғам адам құқығын бұзу фактісі болмағанын білді. Ал таратылған ақпарат жалған болып шықты" деп жазды Қанат Қарымсақов есімді қолданушы.

"Жазба өзінің ашықтығымен және ерекшелігімен жағымды әсер қалдырады. Үйлестіру кеңесінің шұғыл әрекеті және әртүрлі бөлім өкілдерінің қатысуы сотталғандардың құқықтарын қорғау мәселесіндегі үйлесімділікті көрсетеді. Жыланбаев М.Т.-ның жағдайы мүшкіл деген ақпарат расталмағаны маңызды және ол өзін жақсы сезінетінін жеке өзі хабарлады" деп жазды Руслан Жүнісов есімді қолданушы.

Кейбір қолданушылар "боттар" қаптап кеткеніне шағымданды.

"Экстремизмді қаржыландырды" деген айыппен ұзақ жылға сотталған марафоншы Марат Жыланбаевтың жағдайы нашарлағанын журналистер мен құқық қорғаушылар өткен аптада айта бастаған.

25 шілдеде көкшетаулық белсенділер Назгүл Жүсіпова мен Дәметкен Бейсембаева оны камерадан түсірілген видеодан көріп, танымай қалғанын, оның құр сүлдері қалғанын айтып, шошығанын жеткізген.

"Қызметкер өзінің телефонына тікелей эфирден видео түсіріп әкелді. Жыланбаевтың арқасынан түсірілген видео екен. Ол камераға арқасынан беріп, бірдеңе жазып отыр немесе жәй үстелде отыр. Біз оны мүлде танымай қалдық. Себебі ол бір уыс болып қалған " деді Назгүл Жүсіпова Азаттыққа 25 шілдеде.

Кейін оның салмағы 45 кг болып қалғанын, ол жатқан түрмеде санитария талаптары сақталмайтынын айтып, белсенділер мен құқық қорғаушылар дабыл қақты. Қазақстанның құқық қорғау органдары "дәйексіз ақпаратқа сенбеуге" шақырып, жалған ақпарат таратқандар жазаға тартылатынын ескертті.

29 шілдеде Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі уәкілінің жанындағы үйлестіру кеңесінің хатшысы Раиса Шер Ақмола облысы Степногорск қаласындағы №4 түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан марафоншы, оппозициялық белсенді Марат Жыланбаевтың фотоларын жариялап, 29 шілдеде Жыланбаевтың жағдайымен танысып, өзімен сөйлескенін айтқан. Шердің айтуынша, Марат Жыланбаев арықтап, 45 кг болып қалды деген әлеуметтік желідегі ақпаратқа "таң қалған" әрі мұндай "негізсіз ақпаратты кім, не үшін таратып жатқанын білмейтінін" жеткізген. Бірақ Жыланбаев сөзінің видеосы не аудиожазбасы келтірілмейді.

  • 61 жастағы Марат Жыланбаев – Гиннестің рекордтар кітабына енген жеті рекордтың иегері атанған ультрамарафоншы ретінде көпке танылған. Ол тіркелмеген оппозициялық "Алға, Қазақстан!" партиясын құру жөніндегі бастамашыл топ жетекшісі болған. 2023 жылдың көктемінде белсенді қамауға алынып, оның ісін жабық қараған Астана соты сол жылы қарашада Марат Жыланбаевты "экстремистік ұйым ісіне араласты" және "экстремизмді қаржыландырды" деген айып бойынша жеті жылға бостандығынан айырған.
  • Соттың ұйғармы бойынша Жыланбаев: "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы экстремистік ұйым деп танылғанын біле тұра Астана қаласы аумағында "ҚДТ" ұйымының қызметіне белсенді түрде араласып, Мұхтар Әблязов ұйымдастырған заңсыз митингілерге қатысқан. Сонымен қатар, Әблязов пен және оның шетелдегі штабымен байланыс орнатып, олардың Конституциялық құрылымды күштеп өзгертуді көздейтін тапсырмаларын орындаған. 2021 жылы Жыланбаев М.Т. қоғамға қауіпті салдарды түсіне отырып, Әблязовтың тапсырмасын орындап, Астана қаласындағы Республика даңғылында орналасқан ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішке келіп, "ҚДТ" ұйымының қызметін насихаттаған. 2022-2023 жылдары Жыланбаев М.Т. "ҚДТ" қызметінің экстремистік сипатын біле тұра, басқа адамдармен сөз байласып, оған ақпараттық, қаржылық және өзге де көмек көрсеткен. Әлеуметтік желіде ұйымды қаржыландыруға және оған қосылуға шақырған". Сот оны қоғамнан оқшаулап қана түзетуге болады деген ұйғарымға келген.
  • Жыланбаев пен оның жақтастары тағылған айыптарды саяси астары бар деп жоққа шығарды.
  • 2018 жылы Қазақстан соты ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент 2019 жылы наурызда қабылдаған қарарында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған.
  • Қазақстандық құқық қорғаушылар биліктің саясатын қатты сынайтын Марат Жыланбаевты "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан. Ресми Астана елде саяси тұтқын жоқ, ешкім саяси ой-пікіріне бола қудаланбайды дейді.

Қазақстанда 150 мыңға жуық қызға адам папилломасы вирусына қарсы екпе салынды

Қазақстанда 11-13 жас аралығындағы 150 мыңға жуық қызға адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы екпе салынды деп хабарлады денсаулық сақтау министрлігі. 90 мыңға жуық жасөспірім вакцинаның екінші дозасын алған.

Министрліктің хабарлауынша, екпе алғандар арасында жағымсыз реакция тіркелмеген.

Вакцина қауіпсіз, жақсы төзімді және алдын алудың тиімді әдісі ретінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынады” деп жазылған ведомство хабарламасында.

Енді ДСҰ 11 жастағы ұл балаларға да екпе салуды жоспарлап отыр.

Бұл вирустан көбіне жатыр мойны және сыртқы жыныс мүшелерінің қатерлі ісігі пайда болады. Қазақстан билігінің мәліметінше, жатыр мойны обыры барлық жастағы әйелдер арасында сүт безі обырынан кейінгі - екінші орында, 25 пен 44 жас аралығындағы әйелдер арасындағы өлім-жітімнің екінші себебі болып отыр. Жыл сайын осы вирусқа 900 адам шалдығады.

АПВ ер адамдарға да қауіпті. Артқы қуыста, тікішекте, жұтқыншақта, ер адам мен әйелдің жыныс мүшесінде қатерлі ісік пайда болуына себеп болуы мүмкін. Дегенмен бұл вирус әсіресе ауырсыну рецепторлары жоқ жатыр мойны үшін қауіпті. Сондықтан вирус адам ағзасында еш белгі бермей ұзақ уақыт жүре беруі мүмкін. Алғашқы симптомдары пайда болғанға дейін ауру асқынып үлгереді.

Ресейдің Камчатка түбегінде қатты жер сілкініп, ізінше цунами жағалауды шайып өтті

Жер сілкінісінен кейін қираған ғимараттардың бірі. 30 шілде 2025 жыл.
Жер сілкінісінен кейін қираған ғимараттардың бірі. 30 шілде 2025 жыл.

Ресейдің Камчатка түбегінде қуатты жер сілкінісі болып, соның салдарынан цунами Камчатка жағалауларын шайып өтті. Үш метрлік толқын жөнінде ескерту Тынық мұхитының солтүстік бөлігінен бастап Калифорния тұрғындарына дейін жіберілген деп жазды BBC-дің Орыс қызметі.

Камчатка өлкесінің денсаулық сақтау министрі Олег Мельников жер сілкінісінен бірнеше адам зардап шеккенін мәлімдеген.

"Жүгіремін деп жарақат алғандар бар. Терезеден секірген науқас бар. Өкінішке қарай, жаңа әуежай аумағында болған әйел жарақаттанған. Барлық науқастың жағдайы орташа. Қазіргі кезде ауыр жарақат тіркелген жоқ" деді Мельников. Оның сөзінен ТАСС үзінді келтірді.

Ресей ғылым академиясына қарасты геофизика қызметінің Камчаткідегі бөлімінің дерегінше, жер сілкінісінің магнитудасы – 8,7 балл. Зілзала ошағы Камчатка орталығы Петропавл-Камчаткаден 150 шақырым жерде 17 шақырым тереңдікте орналасқан.

Сейсмологтар мұны 1952 жылдан бергі жер сілкінісі мен цунамиден кейінгі ең ірі зілзала қатарына жатқызады. Ол кезде Курил мен Камчаткідегі жер сілкінісінен 2 мыңнан астам адам қаза болған.

Камчатканың шығыс жағалауын 3-4 метрлік толқын шайып кеткен. Әлеуметтік желілерде жағалаудағы зауытқа су кіріп жатқаны көрінетін видео таралып жатыр. Цунами туралы ескерту Жапония, Аляска және Солтүстік Американың Тынық мұхиты жағындағы бөлігі тұрғындарына жіберілген.

Петропавл-Камчаткада жер сілкінісі салдарынан балабақшаның қабырғасы опырылып түскен. Жергілікті билік ешкім зардап шекпегенін хабарлады. Кейбір аумақта электрмен жабдықтау құрылғылары істен шыққан.

Трамп Ресейге Украинамен келісім жасауға 10 күн уақыт берді

Дональд Трамп
Дональд Трамп

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейге Украинамен келісім жасауға 10 күн уақыт берді. Трамптың журналистермен сұхбатының аудиожазбасы Ақ үйдің YouTube-тегі парақшасында жарияланды.

Саясаткердің сөзінше, осыдан кейін уәде етілген баж салығы енгізілмек. Алайда ол мұндай шараның тиімді болатынына сенімді емес, себебі Ресей президенті Владимир Путиннің "соғыс жалғасқанын қалап отырғаны анық".

Трамптың пікірінше, салықтың енгізілуі мұнайдың халықаралық нарықтағы құнына әсер етпейді, себебі АҚШ өндіріс көлемін ұлғайта алады.

Бұған дейін президент АҚШ-қа экспортталатын Ресей мұнайы мен Ресеймен саудаласқан елдердің тауарына жүз пайыздық баж салығын енгізуге уәде еткен. Егер бұл жүзеге асса, шектеу өзге елдермен қатар Қытай, Еуроодақ елдері, Үндістан, Түркияға да қатысы болуы мүмкін.

Жуырда Трамп Мәскеуге 10-12 күн уақыт беретінін айтқан. Кремль мұны "қаперіне алатынын" мәлімдеген.

"Спортпен шұғылданады, кітап оқиды". Жыланбаевтың жаңа суреттері жарияланды

Құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" деп таныған марафоншы Марат Жыланбаев Степногорск түрмесінде. 29 шілде, 2025 жыл.
Құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" деп таныған марафоншы Марат Жыланбаев Степногорск түрмесінде. 29 шілде, 2025 жыл.

Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі уәкілінің жанындағы үйлестіру кеңесінің хатшысы Раиса Шер Ақмола облысы Степногорск қаласындағы №4 түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан марафоншы, оппозициялық белсенді Марат Жыланбаевтың фотоларын жариялады. Оның айтуынша, Ақмола облыстық денсаулық сақтау, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларының өкілдерімен бірге олар 29 шілдеде Жыланбаевтың жағдайымен танысып, өзімен сөйлескен.

Шердің айтуынша, Марат Жыланбаев арықтап, 45 кг болып қалды деген әлеуметтік желідегі ақпаратқа "таң қалған" әрі мұндай "негізсіз ақпаратты кім, не үшін таратып жатқанын білмейтінін" жеткізген. Бірақ Жыланбаев сөзінің видеосы не аудиожазбасы келтірілмейді.

Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің жанындағы үйлестіру кеңесінің хатшысы Раиса Шер (ортада) және басқа адамдар сотталушы Марат Жыланбаевпен (сол жақта) кездесіп тұр. Степногорск, 29 шілде, 2025 жыл. Фото Р.Шердің Facebook парақшасынан алынды.
Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің жанындағы үйлестіру кеңесінің хатшысы Раиса Шер (ортада) және басқа адамдар сотталушы Марат Жыланбаевпен (сол жақта) кездесіп тұр. Степногорск, 29 шілде, 2025 жыл. Фото Р.Шердің Facebook парақшасынан алынды.

"Өзінің айтуынша, оның халі жақсы, денсаулығына қатысты еш шағымы жоқ. Бұған қоса ол тұрақты түрде спортпен шұғылданады, соның ішінде өзі ұнататын спорт түрі – жүгірумен де айналысады, кітапханаға барып, кітап оқиды" деп жазды Шер Facebook-тегі парақшасында.

Дегенмен Жыланбаев аштық акциясын жалғастырып жатыр. Раиса Шердің айтуынша, ол "аштық мерзімін біртіндеп ұзартып, ағзасын шынықтырып жүр".

"Қазір ол ашығып жүр, брақ су, компот, шай, кофе ішеді, күтпеген жағдай болмас үшін өз ахуалын бақылап отырады. Сонымен бірге оның қамау, тамақтандыру бойынша не азаптау, физикалық күш қолдану, мекеме қызметкерлері не басқа да сотталушылар тарапынан моральдық қысым жасау жөнінде шағымы жоқ" делінген Раиса Шердің мәлімдемесінде.

28 шілдеде Жыланбаевтың адвокаты Денис Малюга Жыланбаевтың қолымен жазылды деген хатты Азаттыққа жіберген. Хатта: "Мен дәрігерлердің тексеруі мен бақылауынан, қан қысымымды, тамыр соғысын, салмағым мен дене қызуымды өлшетуден – бәрінен бас тарттым. Бұл менің қамауға алынуыма және 7 жылдық жаза кескен үкімге қарсы аштық акциям секілді наразылықтың түрі. Мен шыдамды адаммын, бәріне төземін!" – делінген.

Шердің айтуынша, денсаулық сақтау мамандары Марат Жыланбаевтың денсаулығы қанағаттанарлық деген пікір айтқан, бірақ сонда да Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасына оның денсаулық жағдайын "күнделікті қадағалап отыруға" кеңес берілген.

"Қабылдаудың соңында Жыланбаев Марат Төлегенұлы жағдайы жақсы екенін, медициналық көмекті қажет етппейтінін, өзі үшін уайымдап, негізсіз ақпаратқа сенбеуге шақырып, ұлы Рустам мен басқа да жақындарына сәлем жолдады" деп жазды Раиса Шер.

"Экстремизмді қаржыландырды" деген айыппен ұзақ жылға сотталған марафоншы Марат Жыланбаевтың жағдайы нашарлағанын журналистер мен құқық қорғаушылар өткен аптада айта бастаған.

25 шілдеде көкшетаулық белсенділер Назгүл Жүсіпова мен Дәметкен Бейсембаева оны камерадан түсірілген видеодан көріп, танымай қалғанын, оның құр сүлдері қалғанын айтып, шошығанын жеткізген.

"Қызметкер өзінің телефонына тікелей эфирден видео түсіріп әкелді. Жыланбаевтың арқасынан түсірілген видео екен. Ол камераға арқасынан беріп, бірдеңе жазып отыр немесе жәй үстелде отыр. Біз оны мүлде танымай қалдық. Себебі ол бір уыс болып қалған " деді Назгүл Жүсіпова Азаттыққа 25 шілдеде.

Кейін оның салмағы 45 кг болып қалғанын, ол жатқан түрмеде санитария талаптары сақталмайтынын айтып, белсенділер мен құқық қорғаушылар дабыл қақты. Қазақстанның құқық қорғау органдары "дәйексіз ақпаратқа сенбеуге" шақырып, жалған ақпарат таратқандар жазаға тартылатынын ескертті.

  • 61 жастағы Марат Жыланбаев – Гиннестің рекордтар кітабына енген жеті рекордтың иегері атанған ультрамарафоншы ретінде көпке танылған. Ол тіркелмеген оппозициялық "Алға, Қазақстан!" партиясын құру жөніндегі бастамашыл топ жетекшісі болған. 2023 жылдың көктемінде белсенді қамауға алынып, оның ісін жабық қараған Астана соты сол жылы қарашада Марат Жыланбаевты "экстремистік ұйым ісіне араласты" және "экстремизмді қаржыландырды" деген айып бойынша жеті жылға бостандығынан айырған.
  • Соттың ұйғармы бойынша Жыланбаев: "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы экстремистік ұйым деп танылғанын біле тұра Астана қаласы аумағында "ҚДТ" ұйымының қызметіне белсенді түрде араласып, Мұхтар Әблязов ұйымдастырған заңсыз митингілерге қатысқан. Сонымен қатар, Әблязов пен және оның шетелдегі штабымен байланыс орнатып, олардың Конституциялық құрылымды күштеп өзгертуді көздейтін тапсырмаларын орындаған. 2021 жылы Жыланбаев М.Т. қоғамға қауіпті салдарды түсіне отырып, Әблязовтың тапсырмасын орындап, Астана қаласындағы Республика даңғылында орналасқан ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішке келіп, "ҚДТ" ұйымының қызметін насихаттаған. 2022-2023 жылдары Жыланбаев М.Т. "ҚДТ" қызметінің экстремистік сипатын біле тұра, басқа адамдармен сөз байласып, оған ақпараттық, қаржылық және өзге де көмек көрсеткен. Әлеуметтік желіде ұйымды қаржыландыруға және оған қосылуға шақырған". Сот оны қоғамнан оқшаулап қана түзетуге болады деген ұйғарымға келген.
  • Жыланбаев пен оның жақтастары тағылған айыптарды саяси астары бар деп жоққа шығарды.
  • 2018 жылы Қазақстан соты ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент 2019 жылы наурызда қабылдаған қарарында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған.
  • Қазақстандық құқық қорғаушылар биліктің саясатын қатты сынайтын Марат Жыланбаевты "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан. Ресми Астана елде саяси тұтқын жоқ, ешкім саяси ой-пікіріне бола қудаланбайды дейді.

Алматыда тауға шыққан 20 жастағы жігіттің мәйіті табылды

Төтенше жағдайлар қызметінің құтқарушылары Алматы тауларында жоғалып кеткен 20 жастағы азаматтың мәйітін түсіріп жатыр. 29 шілде 2025 жыл.
Төтенше жағдайлар қызметінің құтқарушылары Алматы тауларында жоғалып кеткен 20 жастағы азаматтың мәйітін түсіріп жатыр. 29 шілде 2025 жыл.

Алматыда тауға шығып, із-түссіз жоғалып кеткен 20 жастағы жігіттің мәйіті табылды. Бұл туралы Қазақстан төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.

Аты-жөні аталмаған жас жігіт тауға 27 шілдеде шығып, іздеу жұмыстары сол күні түнде басталған.

"29 шілде күні "Жастар" шыңында жоғалған адамның мәйіті табылды. Бағыт "категорияланған", мұздықтар бар: құтқарушылардың көтеріліп-түсуіне 5 сағат кетті" деді министрлік.

Іле Алатауындағы "Жастар" шыңы теңіз деңгейінен 4 метрден астам биіктікте орналасқан.

"Оқиға орнында Алматы қаласы полиция департаментінің қызметкерлері мен төтенше жағдайлар қызметінің психологы" жұмыс істеп жатыр деді Төтенше жағдайлар министрлігі.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, құтқару жұмыстарына ТЖМ әуе борты, 50-ден астам жеке құрам мен ерікті, 8 дрон, 8 техника, 3 кинология тобы жұмылдырылған.

Песков: Ресей Трамптың сөзін "қаперге алды"

Кремль баспасөз хатшысы Дмитрий Песков
Кремль баспасөз хатшысы Дмитрий Песков

Мәскеу АҚШ президенті Дональд Трамптың бітімге берілген мерзімді қысқартатыны жайлы сөзін "қаперге алды". Бұл туралы Кремль баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мәлімдеді.

"Арнайы әскери операция жалғасып жатыр" деді Песков Украинадағы соғысты меңзеп. Оның сөзінше, Ресей "бейбітшілік процесіне бейілдігін сақтап отыр", бірақ сөйте тұра бітім келіссөзі аясында өз мүддесін қорғауға дайын.

14 шілде күні АҚШ президенті Дональд Трамп Путиннің көңілі қала бастағанын айтып, Мәскеуге Киевпен бітім жасасу үшін 50 күн беретінін, болмаса Ресей мен оның сауда одақтастарына санкция жариялайтынын айтқан. Дүйсенбі күні Трамп бұл мерзімді 10-12 күнге дейін қысқартатынын мәлімдеді.

Трамп сондай-ақ бұдан әрі Путинмен сөйлесуге құлықсыз екенін мәлімдеген. Песковқа осы жөнінде сұрақ қойылғанда, ол "қандай да бір баға беруден бас тартқым келеді" деп жауап берді. Кремль баспасөз хатшысы әзірге Путин мен Трамптың кездесуі жоспарда жоғын айтты. Оның сөзінше, Ресей АҚШ-пен қарым-қатынасын қалпына келтіруге мүдделі, бірақ кейінгі уақытта бұл процесс баяу жүріп жатыр.

Журналистер сұрағына жауап берген Песков Солтүстік Кореяны, Иранды және Қытайды Ресейдің "одақтасы" деп атап, бұл елдер мен Мәскеудің ұстанымы ұқсас деді.

Бір күн бұрын Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Ресей "алғаш рет Батыспен бір өзі күресіп жатқанын" айтқан.

Қазір Ресей мен Солтүстік Корея арасында әскери әріптестік жөнінде келісім бар. Пхеньян Украинамен соғысып жатқан Ресей бір топ сарбазын да жіберген. Ал Иран мен Қытай соғысқа қатысы жоғын айтқанымен, Ресейді керек-жарағы қамтамасыз етіп отыр.

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров дүйсенбі күні Ресейдің Украинаға қойып отырған талабын да тағы да қайталады. Мәскеу әлі де Украина НАТО-ға кіруден және Ресей талап қойып отырған территориядан бас тартуы қажет деп отыр. Украина бұл талапты орынсыз деп атап, атысты ешбір алғышартсыз тоқтатуға шақырып отыр.

БҰҰ: 2025 жылы Иран өлім жазасына кесілген 612 адамның үкімін орындаған

БҰҰ адам құқығы жөніндегі жоғары комиссары Фолькер Тюрк
БҰҰ адам құқығы жөніндегі жоғары комиссары Фолькер Тюрк

2025 жылдың алғашқы жартысында Иранда өлім жазасына кесілген кемі 612 адамның үкімі орындалған. Олардың арасында өзге ұлт өкілдерінің үлесі басым. Бұл туралы хабарлаған БҰҰ адам құқығы жөніндегі жоғары комиссары Фолькер Тюрк осы жағдайға алаңдаушылық білдіріп, Иранды өлім жазасы үкімін орындауға мораторий жариялауға шақырды.

БҰҰ дерегінше, 2024 жылдың алғашқы жартысында өлім жазасына кесілген 297 адамның үкімі орындалған.

"Дәл қазір кемі 48 адам өлім жазасының орындалғанын күтіп отыр, оның ішінде 12 адамның үкімі жақын арада іске асуы мүмкін" деді Тюрк.

БҰҰ дерегінше, өлім жазасы қолданылған адамдардың 40 пайыздан астамына нашақорлық жөнінде айып тағылған. Қалғандарының арасында "Құдайға қарсы келу" айыбы жиі кездеседі. Билік мұндай айыпты әдетте саяси қарсыластарына, өзгеше ойлайтын адамдарға қарсы қолданады.

Фолькер Тюрктің айтуынша, өлім жазасы қаралатын сот процестері көбіне жабық өтіп, адамдардың әділ сотқа деген құқығын бұзып отыр.

БҰҰ мәлімдемесіне қарағанда, Иранның конституция сақшылары кеңесі "қас мемлекетке қызмет ету" анықтамасын ұлғайтатын заң жобасын қарастырып жатыр. Енді заң аясында "тыңшылық жасады", "шетелдік БАҚ-пен сөйлесті", "идеологиямен келіспеді" деген айыптар бойынша да өлім жазасы кесіле бермек. Фолькер Тюрк бұл заң жобасын "қауіпті" деп атап, оны қабылдамауға үндеді.

"Өлім жазасы өмір сүру құқығына қайшы келіп, адамның қадір-қасиетімен үйлеспейді. Иран билігін өлім жазасын алып тастау жөніндегі жаһандық қозғалысқа қосылуға және мұны мораторий жариялаудан бастауға шақырамын" деді Тюрк.

Иран әлемнің ең жабық елдерінің бірі саналады. Human Rights Watch, Amnesty International, Freedom House секілді халықаралық ұйымдар Иранда адам құқығы, соның ішінде әсіресе әйел құқығы, баспасөз еркіндігі қатты шектелгенін айтады.

2022 жылы Иранда Махса Әмини деген студент қыз хиджаб кию талабын орындамады деген айыппен ұсталып, полиция бөлімінде қаза тапқан соң, елде үлкен наразылық толқыны туған. Билік ол наразылықты күшпен жаншыды. Наразылыққа қатысқан мыңдаған адам қамалды.

Еуроодақ Қазақстан көмірін Ресей арқылы тасымалдауға рұқсат етті

Еуропа Одағы Кремльге қарсы санкцияларының 18-топтамасында Қазақстан көмірін Ресей порттары арқылы тасымалдауға қойылған шектеуді алып тастады. Бұл туралы Қазақстан сауда және интеграция министрлігі хабарлады.

Министрліктің мәлімдеуінше, мұндай шектеу Еуроодақ санкцияларының 16-топтамасында енгізілген.

"Қалыптасқан жағдайды реттеу мақсатында Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігімен және Қазақстан Республикасының Еуропалық одақ жанындағы тұрақты өкілдігімен бірлесіп, еуропалық тараппен түрлі деңгейдегі консультациялар жүргізді. Еуропалық комиссияның атына ЕО санкциялық режиміне тиісті өзгерістер енгізу туралы ресми өтініш жіберілді. Келіссөздер нәтижелі болды. ЕО-ның 18-пакет санкциялары аясында Еуропалық тарап қазақстандық көмір транзиті үшін белгілі бір ресейлік порттарымен келісімге шектеуді алып тастады" деді министрлік.

Министрліктің айтуынша, Еуроодақ Қазақстанға бірқатар талап қойған. Мәселен, көмір Қазақстанда өндірілген болуы керек; жүкке меншік құқығы санкцияланған елдердің резиденттерінде болмауы қажет; Ресей порттарын тек транзит, тиеу және жөнелту аумағы ретінде пайдалану қажет, бұл ел аумағында тауарды сатып алуға және өндіруге болмайды.

Сауда және интеграция министрлігінің дерегіне қарағанда, Қазақстан 2022 жылы Еуроодаққа құны 419,2 млн доллар болатын 4,4 млн тонна көмір экспорттаған. 2023 жылы экспорт көлемі 6,1 млн тонна (382 млн доллар), 2024 жылы 5,2 млн тонна (312,5 млн доллар) болған.

Еуроодақ санкцияларының 18-топтамасы шілденің ортасында жарияланды. Бұл топтама: Ресейдің энергетикадан түсетін табысын азайтуды, банк секторы мен әскери өнеркәсіп кешенін әлсіретуді, санкцияларды айналып өтуге қарсы шараларды күшейтуді және Ресейді украин балалары және мәдени мұрасына қарсы қылмысы үшін жауапқа тартуды көздейді.

Осы топтама жариялаған соң, Ресей көлеңкелі флотының санкцияға ілінген кемелерінің саны 444-ке, санкцияға ілінген тұлғалардың саны 2500-ге жетті.

Нью-Йоркте қарулы кісі 4 адамды атып өлтірді

Нью-Йорк полициясы атыс кезінде қаза тапқан офицер Дидарул Исламның денесін жедел жәрдем көлігіне салып жатыр. 29 шілде 2025 жыл.
Нью-Йорк полициясы атыс кезінде қаза тапқан офицер Дидарул Исламның денесін жедел жәрдем көлігіне салып жатыр. 29 шілде 2025 жыл.

Дүйсенбіде Нью-Йорктің Манхэттен ауданында қаруланған азамат орталықтағы кеңсе ғимаратында жосықсыз оқ атып, төрт адамды мерт қылды. Жапа шеккен бесінші адам ауыр хәлде жатыр. Оқ атқан адам кейінірек өзіне қол жұмсаған.

Оқиға кешкі 6 шамасында, кеңседе жүріс-тұрыс күшейген тұста болған. АҚШ Ұлттық футбол лигасының штаб-пәтері мен Blackstone Group қаржы компаниясы орналасқан ғимаратта атыс болып жатқаны белгілі болған соң, бірнеше көшеде қимыл-қозғалыс тоқтаған. Ғимаратқа кіріп-шығатын есікті бір сағаттан астам уақытқа бұғатталып, полицейлер оқ атушы іздеп жатқан тұста қызметкерлер өз кабинеттеріне тығылған.

Бірнеше сағаттан соң, Нью-Йорк полициясының басшысы Джессика Тиш баспасөз мәслихатын өткізіп, оқ атқан адамның аты-жөні Шейн Девон Тамура екенін айтты. Оның сөзінше, Тамура Невада штатынан өз көлігімен келіп, көлігін Парк-авенюдегі ғимараттың тұрағына қойған да, ғимараттың вестибюлінде жартылай автоматты винтовкадан ескертусіз оқ атқан. Ол ең әуелі ғимарат күзетінде істеген полицей мен екі адамды атып өлтіріп, кейін лифтімен ғимарат иесінің басшысы отыратын 33-қабатқа көтерілген де, дәлізде жүріп жосықсыз оқ жаудырған. Салдарынан бір әйел мерт болған. Полиция келгенше Тамура өзін өзі атып өлтірген.

Оның бұл қадамға не себепті барғаны белгісіз. Джессика Тиштің айтуынша, ол бұл істі бір өзі жасаған. Оның көлігінен оқтаулы алтыатар және оқтар табылған. Тамураның психикалық ауруы бар деген ақпарат тарап отыр.

Қаза тапқан полицей – 36 жастағы Дидарул Ислам. Артында екі ұлы және жүкті әйелі қалды.

Тағы

XS
SM
MD
LG